Әлем

Бір жәндік – 200 еуро: Африка құмырсқалары Еуропаға заңсыз тасымалдануда

Сурет: DW

Кенияда арнайы капсулаларға салынған мыңдаған құмырсқа Еуропаға заңсыз жеткізілуде. Жолаушылардың жүгін тексеру кезінде елдің жабайы табиғатты қорғау қызметкерлері оларды жиі анықтайды. Алып орақшы құмырсқа аналығының нарықтық құны 200 еуродан асады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кениядан жабайы жануарларды әкетуге тыйым салынған. Браконьерлік деңгейінің жоғары болуына байланысты елде қатаң заңдар қабылданған. Бұл заңдар ең алдымен пілдер мен мүйізтұмсықтарды қорғауға бағытталғанымен, құмырсқаларды заңсыз алып шыққаны үшін де түрме жазасы немесе ірі көлемде айыппұл қарастырылған.

Соңғы жылдары жабайы жануарлардың интернет арқылы заңсыз саудасы айтарлықтай өсті. Есірткі саудасы сияқты басқа қылмыстық әрекеттермен салыстырғанда, бұл салада табыс жоғары, ал тәуекел әлдеқайда төмен. Зерттеушілер тобы 60 онлайн платформаны талдап, бағалары көрсетілген 260 мыңнан астам хабарландыруды анықтады. Ондағы жануарлардың жалпы құны шамамен 58 миллион еуроны құрады. Алайда бұл есепке жәндіктер енгізілмеген.

«Егер жабайы жануарлардың интернеттегі заңсыз саудасының бүкіл нарығын бағалайтын болсақ, оның көлемі миллиардтаған еуроға жетуі мүмкін», дейді зерттеуші Рассел Грей.

Құмырсқалардың заңсыз тасымалдануының салдары Еуропада, оның ішінде Германияда да байқала бастады. Солтүстік Африкадан шыққан Tapinoma magnum түрінің құмырсқа колониялары электр тарату қалқандарына ұя салып, Германияның оңтүстігінде электр қуаты мен интернет байланысының жиі үзілуіне себеп болып жүр. Осы мәселені талқылау үшін 2025 жылдың жазында Аустрия, Швейцария және Германияның оңтүстігіндегі жергілікті билік өкілдері арнайы «құмырсқалар конференциясына» жиналды.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде Қызылқұм арқары мен еуропалық құндыз азайып бара жатқаны туралы жаздық.

Көп оқылғандар