Спорт

Бибісара Асаубаева Венгриядағы турнирде төртінші орынға көтерілді

Сурет: totalсhess.com

Шахматшы Бибісара Асаубаева Будапештте (Венгрия) өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 супертурнирінің топтық кезеңінде үш ұпай жинады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Үшінші турда ол үндістандық Вайшали Рамешбабумен екі партия ойнады. Бірінші партияда Асаубаева ақ фигуралармен жеңіске жетті, ал екіншісінде қарсыласы қарымта қайтарды. Турнир ережесі бойынша жылдам классика форматындағы екі партияда қарсыластар бір-бірін жеңген соң, Асаубаева үш ұпайға ие болды.

Үш тур қорытындысында Бибісара Асаубаева сегіз ұпай жинап, D тобында төртінші орынға көтерілді.

Топтық кезеңнің бірінші турында Асаубаева америкалық Уэсли Сомен екі рет тең түсті. Екінші турда үндістандық Арджун Эригайсимен өткен партияларда бір-бір жеңіс тіркелді.

Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 супертурнирі Будапештте 10-20 қараша аралығында өтеді. Жарыс бағдарламасына блиц, рапид және жылдам классика енгізілген.

Бұған дейін Бибісара Асаубаева Қытайдың үздік шахматшысына қарсы ойнайтыны хабарланған болатын. Сондай-ақ ол Cairns Cup турнирінде қытайлық қарсыласына есе жіберген.

Көп оқылғандар