Сурет: Sports.kz
Қазақстандық теннисші Асылжан Арыстанбекова украиналық Дарья Есипчукпен бірге Түркияның Анталья қаласында өткен ITF W15 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бірінші ракетка ретінде тіркелген Қазақстан-Украина жұбы финалда румыниялық Стефания Божику мен Анастасия Сафтуды 6:4, 3:6, 10:8 есебімен жеңді. Матч тай-брейкте шешілді.
Алғашқы айналымда Арыстанбекова мен Есипчук жапониялық Юдзуха Нэгиси мен үндістандық Саумрита Джагаддео Верманы 6:1, 6:3 есебімен ұтты. Ширек финалда Екатерина Агуреева мен Анна Карцева жарысты жалғастырудан бас тартқандықтан, қазақстандық-украиналық жұп жартылай финалға шықты.
Жартылай финалда олар түркиялық Селина Атай мен Дога Түркменді 7:6, 6:2 есебімен жеңді.
Турнир ашық корттарда өтті, жүлде қоры 15 мың долларды құрады.
Бұған дейін теннисші Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турниріне денсаулығына байланысты қатыспайтынын мәлімдеген болатын.
Мазмұнға өту
