Басты тақырып

Бес жылда дәрігер тапшылығы 20,4%-ға азайды

Сурет: ашық дереккөз

Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту шаралары жүргізіліп, дәрігерлердің мәртебесін көтеру, медициналық білім сапасын жақсарту және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет дәрігерлерді қолдау шараларын кеңейтіп, кадр даярлау жүйесін жетілдірумен бірге медициналық инфрақұрылымды жаңғыртып келеді. Бес жыл ішінде 1 003 жаңа медициналық нысан ашылды.

Олардың қатарында 10 аурухана, 14 емхана, 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт, 3 ғылыми медициналық орталық, қан орталығы мен оңалту орталықтарын қоса алғанда өзге де 9 ұйым бар. Оның 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді.

Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 84 мыңға жуық дәрігер еңбек етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша дәрігер тапшылығы 2023 жылмен салыстырғанда 20,4%-ға, ал ауылдық жерлерде 28,3%-ға азайды.

2025 жылы 1 760 дәрігер әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Тұрғын үймен қамтамасыз етілген дәрігерлер саны 3,3 есе өсіп, 727 адамға жетті. Ауылдық жерлерде тапшы мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 529 маманға 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем берілді.

Дәрігер мамандарды 8 медициналық университет, көпсалалы жоғары оқу орындарының 7 факультеті және 17 ғылыми ұйым даярлайды. Медициналық білім алушылардың жалпы саны 72 мыңнан асады: оның 61 мыңнан астамы жоғары білімнің негізгі деңгейінде, 11 мыңнан астамы жоғары оқу орнынан кейінгі деңгейде оқиды. Медициналық колледждерде 110 мыңға жуық адам білім алып жатыр.

Қазақстанда 760 медициналық білім беру бағдарламасы тіркелген. Оның төртеуі инновациялық бағыттарды қамтиды: «Кинезитерапия», «IT-медицина», «Фармация және иммунобиологиялық препараттар биотехнологиясы» және «Мейіргер ісі ғылымы». Тәжірибелік даярлықты күшейту үшін симуляциялық орталықтар желісі дамып, клиникалық тәлімгерлік институты енгізіліп отыр.

Білім беру гранттарын бөлу кезінде өңірлердегі аурушаңдық деңгейі, кадр тапшылығы, демографиялық көрсеткіштер және мамандарға деген болжамды сұраныс ескеріледі. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесінде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі күшейтілген.

Білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні қолдануға арналған пәндер енгізіліп жатыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде медицинадағы жасанды интеллект бағыты бойынша орталық ашылды. Қалалық деңгейдегі медициналық деректерді талдап, тәуекелдерді болжауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектесетін жүйе әзірленген.

Айта кетейік, соңғы 7 жылда еліміз бойынша 1483 балабақша ашылып, 1342 заманауи мектеп бой көтерді.

Көп оқылғандар