Сурет: Эфирден алынған
Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қайтыс болуына қатысты сот отырысы жалғасуда. Бұл процесте қайғылы оқиға болған үйдің тұрғыны Валерия Самсонова куәгер ретінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Куәгердің айтуынша, сараптама қорытындысы бойынша үй төртінші дәрежелі апатты жағдайға жақын деп танылған. Зерттеу барысында кірпіш қалауында ақаулар анықталып, арматуралық тор мен байланыстыру элементтерінің жоқтығы белгілі болған. Оқиғадан кейін де қабырғаларда жарықтар пайда болған.
«Бұл үйде 20 жылдан астам уақыт тұрамын. Бірақ қабырғаның кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін екенін білмеппін. Оқиғадан кейін экспертиза нәтижесін ұсынғанда ғана үйдің апатты жағдайда екенін білдік. Кірпіш кез келген жағдайда құлауы мүмкін еді… Апаттан соң әкімдік көп ұзамай сол подьездің маңындағы фасад қаптамаларды ауыстырып берді. Соған қарамастан қабырғаларда жарықтар пайда болды», деді куәгер.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда. Қайғылы оқиға былтыр 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік көшесі, 24Б мекенжайындағы тұрғын үй маңында болған. Ғимарат қасбеті құлаған кезде оқиға орнына медициналық көмек көрсету үшін барған екі фельдшер – Ұлдана Мырзуан мен Ділназ Байзақованың үстіне кірпіш құлаған. Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қайтыс болған.
Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы («Міндеттеріне адал қарамау») бойынша қаралуда. Тергеу нұсқасына сәйкес, Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы Сәуле Жұбаниязова үйдің қасбетіндегі ақаулардан хабардар болғанымен, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізбеген.
Еске сала кетейік, бұған дейінгі сот отырысында оқиға орнында болған куәгерлердің бірі Гүлнәр Қалиева мен фельдшер Ділназ Байзақова жауап берген болатын.
