Сурет: Egemen.kz
Астанада қаламгерлер қауымы арасындағы дәстүрлі «Сөз бен сана» тастаяқ турнирі өтіп, ол Қазақстан халқы тілдері күніне орайластырылды. Жарысқа ұлттық тіл мен әдебиеттің жанашырлары мен шығармашылық өкілдері қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараны ұйымдастыруға Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы және «Elorda Aqparat» медиа холдингі мұрындық болды. Бұл турнир саламатты өмір салтын насихаттаумен қатар, қаламгерлерге еркін пікір алмасып, шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Шешуші кезеңде ақын-жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы мен тележурналист Әлімжан Сабыржанұлы кездесіп, нәтижесінде Ұларбек Нұрғалымұлы 8:2 есебімен жеңіске жетіп, бас жүлдені иеленді. Екінші орын Әлімжан Сабыржанұлына, үшінші орын ақын Жанарбек Әшімжанға бұйырды.
Жүлделі орындарға ілікпеген қатысушылар да арнайы сыйлықтармен марапатталды. Әлихан Бөкейхан атындағы жүлде Әділ Ахметовке, Қайым Мұхамедханов атындағы жүлде Алдан Смайылға, Ыбырай Алтынсарин атындағы жүлде Қойшығара Салғараұлына, Сайын Мұратбеков атындағы жүлде Төлен Әбдікке табысталды. Сонымен қатар, Әлібек Асқар «Мәдениетті ойыншы» аталымын алса, бірнеше ойыншы «алғашқы шар» және «үздік серия» сияқты жүлделерге ие болды.
Айта кетейік, бұған дейін елордада қаламгерлер мен БАҚ қызметкерлері арасында жазушы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған бильярд турнирі өткен болатын. Бұл бәсеке 15-рет ұйымдастырылды.
