Әлем

АҚШ соты Қазақстанға қатысты иммиграциялық виза шектеуін алып тастады

Сурет: istockphoto.com

АҚШ-тың федералдық соты Дональд Трамп әкімшілігі енгізген 75 ел азаматына иммиграциялық виза беруге қатысты шектеуді жойды. Тізімге Қазақстанды қоса алғанда Орталық Азия елдері, сондай-ақ Ресей, Египет, Грузия және басқа мемлекеттер кірген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Шектеуді АҚШ Мемлекеттік департаменті қаңтар айында енгізген. Ведомство бұл саясатты АҚШ-қа әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік көмектерге тәуелді болуы мүмкін адамдардың келуіне жол бермеу қажеттігімен түсіндірген.

Судья Жанетт Варгас бұл саясаттың заңға қайшы екенін және АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың өкілеттігінен асып кеткенін мәлімдеді. Оның пікірінше, консулдық қызметкерлер тізімге енгізілген елдердің азаматтарына олардың қаржылық жағдайы мен өзін қамтамасыз ету мүмкіндігіне қарамастан виза беруден бас тартуға мәжбүр болған.

Сот тек осы саясаттың негізінде қабылданған визадан бас тарту шешімдерінің күшін жойды. Ал бас тартуға өзге де заңды негіздер болған жағдайда, мұндай шешімдер күшінде қалады.

Шектеу асында туыстарына қоныс аударып бару немесе тұрақты жұмысқа орналасу мақсатындағы визалар қамтылды. Ал туристік және студенттік визалар бұл шектеуге кірмеген.

Еске сала кетейік, жуырда АҚШ студенттер мен журналистерге берілетін виза талаптарын күшейткен болатын. Сондай-ақ Вашингтон бала туу мақсатымен келетін шетелдіктерге шектеу қойды.

Көп оқылғандар