Сурет: ашық дереккөзден
АҚШ Сенатының банк комитеті Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг пен Сауда министрі Говард Лютникті тыңдауға шақырмақ, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы комитет төрағасы Тим Скотт X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы ақпараттар АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен ел үшін маңызды технологияларды қорғауға қатысты елеулі алаңдаушылық туғызған.
«Жақында жарияланған мәліметтер ұлттық қауіпсіздігіміз бен америкалық маңызды технологияларды қорғау мәселесіне қатысты елеулі күмән тудырады», деді ол.
Бұған дейін АҚШ Өкілдер палатасының үш комитетінің төрағасы – барлау, сыртқы істер және Қытай мәселелері жөніндегі арнайы комитет басшылары да Хуангты тыңдауға шақырған. Жабық форматтағы кездесу 1 желтоқсанға белгіленген.
Жолданған хатта егер Хуанг өз еркімен келмесе, оған ресми шақырту жіберілетіні көрсетілген. Компания басшысынан 13 қараша күні кешке дейін келісім беру сұралған. Ал 11 қарашада комитет қызметкерлері Nvidia өкілдерімен алдын ала сөйлескен.
Айта кетейік, Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг қызметінен кетті. Компанияның уақытша басшысы болып Колетт Кресс тағайындалды. 10 қарашада Nvidia инвесторлары компания мен Дженсен Хуангқа қарсы ұжымдық талап-арыз түсірген. Олар басшылықты Сингапурдың Megaspeed International компаниясымен және оның АҚШ-тың экспорттық шектеулерін айналып өтуге көмектесті деген күдікке ілінген бұрынғы басшысымен байланысы туралы ақпаратты жасырды деп айыптаған.
8 қарашада Nvidia директорлар кеңесі Хуангтың шетелдік барлау қызметімен ықтимал байланысы туралы ақпарат тарағаннан кейін тәуелсіз тергеу басталғанын жариялаған. Ол кезде компания АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне немесе өзінің коммерциялық құпияларына нұқсан келді деуге негіз жоқ екенін мәлімдеген.
Қазақстанда NVIDIA компаниясының физикалық жасанды интеллект жөніндегі өңірлік орталығын құру ұсынылған болатын. Аталған компания 40 тілде сөйлеуді танитын жасанды интеллект моделін таныстырған еді.
Компанияның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында NVIDIA негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуангтың Астанаға сапарының қорытындысы бойынша тиісті жарияланым шықты.
Ақордада өткен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA басшысы сапарының екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтіп, оның отандық жасанды интеллект экожүйесін дамытуға қосқан үлесіне ризашылық білдірген болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллектінің дамуына үлес қосқаны үшін Дженсен Хуангты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Мазмұнға өту
