Сурет: istockphoto.com
Париждегі Эйфель мұнарасы аптап ыстықтың салдарынан шамамен 10 сантиметрге ұзарды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Инженер-сәулетші Бертран Лемуанның түсіндіруінше, мұнараның темірлері жоғары температурада кеңейіп, салқындағанда қайта бастапқы қалпына келеді. Бұл өзгеріс табиғи құбылыс болып саналады.
Маманның айтуынша, ауа температурасы –10 градустан +40 градусқа дейін көтерілгенде Эйфель мұнарасы шамамен 10 сантиметрге ұзарады. Температура әр 10 градусқа өзгерген сайын биіктігі орта есеппен 2 сантиметрге артады.
Сонымен қатар мұнараның пішініне күн сәулесі де әсер етеді. Күн шығыстан батысқа қозғалған сайын оның әр қыры кезекпен қызып, металды кеңейтеді. Осының салдарынан Эйфельдің төбесі аздап бір жаққа қисаяды.
Мамандардың пікірінше, бұл металл конструкцияларға тән қалыпты физикалық құбылыс болғандықтан, ғимараттың қауіпсіздігіне қауіп төндірмейді.
Биыл Еуропада рекордтық ауа температурасы тіркеліп отыр. Аптап ыстықтан жаз басталғалы 1 300-ден астам адам көз жұмған. Францияда 22-28 маусым аралығында 2 мыңнан астам өлім жағдайы тіркелді.
Мазмұнға өту
