Басты тақырып

Анкара Тоқаевты қазақ тілінде қарсы алды

Сурет: akorda.kz

Түркия астанасы Анкара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапарына дайындалды. Қала көшелеріндегі электронды экрандардан екі ел басшысының портреттері көрсетіліп, ғимараттар Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік туларымен безендірілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Этимесгут әуежайында Мемлекет басшысын Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған жеке өзі қарсы алды. Анкара көшелеріндегі дайындықты қазақстандық журналистер әлеуметтік желілерде жариялады. Үлкен экрандарда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоғанның бейнелері көрсетіліп, қазақ және түрік тілдеріндегі құттықтау жазулары орналастырылған.

«Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза, Түркияға қош келдіңіз!» деген жазу қазақ тілінде жарияланған.

Қазақстандық журналист Саяна Санакова Анкара көшелеріндегі көріністерді көрсетіп, Мемлекет басшысының сапарына жасалған дайындыққа назар аударды.

«Анкараның басты көшелерінде, ғимараттардың қасбеттерінде біздің Президенттің портреті, ал қасында Қазақстан мен Түркияның тулары желбіреп тұр», – деді ол.

Журналистің айтуынша, мұндай көріністер ресми келіссөздер басталмай тұрып-ақ Түркия тарапының Қазақстан Президентінің сапарына ерекше мән беріп отырғанын аңғартады. Қазақстандық журналист Вероника Вишневская да Тоқаевтың сапарына арналған құттықтау экрандарының кадрларын жариялады.

Қазақстандық делегацияның Түркияға келу сәтін Qazaqstan ұлттық телеарнасының журналисі, «Ақорда» бағдарламасының жүргізушісі Ақдария Мұхаддас та көрсетті. Жарияланған видеода бортында QAZAQSTAN деген жазуы бар Президенттік ұшақ пен оның алдында сап түзеген түрік құрметті қарауылы бейнеленген. Ақорданың мәліметінше, Этимесгут әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайып Ердоған жеке өзі қарсы алған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен ресми сапармен барды. Кездесу барысында екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланады. Түркияның A Haber телеарнасының хабарлауынша, келіссөздерде екіжақты қарым-қатынастар, энергетика, сауда және өңірлік мәселелерге басымдық берілуі мүмкін. Сапар бағдарламасына сәйкес, Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне де қатысады.

Көп оқылғандар