Әлем

Алматы мен Гонконг арасындағы тікелей рейстер қайта жанданады

Сурет: revigorate.com

2027 жылдың 9 қаңтарынан бастап Алматы мен Гонконг арасындағы тікелей әуе қатынасы қайта іске қосылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Cathay Pacific әуе компаниясы бұл бағытта Airbus A330-300 ұшағын аптасына үш рет — сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері ұшырады. Алматыдан ұшу 21:50-де, ал Гонконгқа қону келесі күні 07:00-де жоспарланған. Кері бағытта ұшақ 16:25-те Гонконгтан ұшып, Алматыға 20:30-да жетеді.

Бұл бағыт ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы тікелей рейс болмақ. Гонконг әуежайы арқылы жолаушылар Қытайдың басқа қалаларына, Солтүстік-Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Океанияға және басқа да бағыттарға қатынай алады.

Жаңа бағыттың ашылуына орай Алматыдан Гонконгқа және одан әрі ұшатын жолаушыларға билет бағасына 15 000 теңге жеңілдік жасалады. Жеңілдікті билеттер 30 қыркүйекке дейін сатылады, ал оларды 2027 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін пайдалануға болады.

Алматы – Гонконг бағытындағы тікелей қатынасты қалпына келтіру мәселесі бірнеше жыл бойы талқыланып келген еді. 2012 жылдан бастап бұл бағытта Air Astana ұшақтары ұшқан, алайда COVID-19 пандемиясынан кейін әуе қатынасы тоқтатылған болатын.

Бұған дейін Түркиядан Қазақстанға рейстер санының артқаны хабарланған. Ал FlyArystan әуекомпаниясы, керісінше, Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерді қыркүйек айының ортасына дейін уақытша тоқтатқан.

Көп оқылғандар