Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада Халықаралық архивтер кеңесінің қолдауымен III халықаралық архившілер конгресі – «Digital Archive EXPO» (DA-EXPO) форумы басталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Осы орайда Президент архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әлия Мұстафина архив саласының қазіргі тынысы, цифрлық даму және жасанды интеллектінің архив жұмысына әсері туралы сұхбат берді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта архивте 800-ден астам қор бар, оның ішінде 1,5 миллионнан астам архивтік сақтау бірлігі, Алматы қаласында 28 км, Астана қаласында 43 км архив стеллажы орналасқан. Бұл құжаттар ХХ ғасырдың қоғамдық-саяси тарихынан сыр шертеді және 1991 жылдан бергі тәуелсіз Қазақстанның құжаттық мұрасын қамтиды. 2022–2023 жылдары ХХ ғасырдың қасіретті кезеңдеріне қатысты архив қорлары қабылданып, олардың көлемі соңғы жүз жыл бойы жинақталған барлық құжаттан асып түсті.
Мұстафина цифрландыру мен жасанды интеллекттің архив саласына жаңа мүмкіндіктер әкелгенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Digital Bridge 2023» форумында айтқан сөзін еске салып, жасанды интеллекттің электр жарығы мен интернет сияқты тіршілікті түбегейлі өзгертетінін жеткізді. Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы еліміздің жаһандық цифрлық кеңістіктегі ұстанымын нығайтуға жол ашқан.
Архив қызметкерлерінің цифрлық архивтің жаңа құралдары мен әдіснамасын әзірлеуге тікелей қатысуы жұмыс әдістерін қайта зерделеуге негіз болады. Мұстафинаның пікірінше, дәл осы ұстаным бүгін Астанада өтетін III халықаралық архившілер конгресі – «Digital Archive EXPO» (DA-EXPO) форумының өзегіне айналады.
Жасанды интеллект технологиялары архив саласына түбегейлі еніп, құжаттарды таңдауды оңтайландыру, деректерді енгізуді, тануды және талдауды автоматтандыру, өңдеу жылдамдығын арттыру сияқты мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ жасанды интеллект құжаттардың құндылығын сараптау, сақтау мерзімдерін бақылау және архивтік сипаттамаларды құру міндеттерін оңтайлы шешеді.

