Шартарап

«38. Соңғы нүкте» фильмі еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастады

Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі

3 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі көрерменге жол тартты. Бұл туынды табиғи апатқа тап болған адамдардың сын сағатта өз өмірі мен кәсіби борышы арасында таңдау жасауға мәжбүр болған тағдырын баяндайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Фильмнің сюжеті орманшылардың өміріне құрылған. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, достық, отбасы, кәсіби борыш және табиғатқа деген сүйіспеншілік сынды тақырыптар ашылады. Сонымен қатар, бұл туынды қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан азаматтарды еске алуға арналған.

Кең прокатқа шығар алдында фильм Астана мен Алматы қалаларындағы көрермендерге таныстырылды. Премьералық көрсетілімге кино саласының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, актерлер, сондай-ақ түсірілім тобы мен БАҚ өкілдері қатысты.

«38. Соңғы нүкте» фильмінің режиссері – Төребек Бейсебаев, ал продюсері – Нұржігіт Хайдар. Басты рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтыншаш Шаяхмет, Алмат Сақатов, Төлепберген Байсақалов, Асылбек Әйтіш және Мақсат Сәбитов сомдады.

Картина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Көп оқылғандар