Сурет: istockphoto.com
Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындау шеңберінде еліміздің 20 өңірінде жаңа форматтағы арнайы мектептер тұрғызу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жөнінде Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады. Инклюзивті білім беруді дамыту, арнайы ұйымдар желісін кеңейту және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу үшін мамандар даярлау жұмыстары жалғасып жатыр.
Бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала бар, елімізде 541 ұйым жұмыс істейді. Президент Жолдауын іске асыру аясында 20 өңірде 1 мың орындық жаңа форматтағы арнайы мектептер, сондай-ақ облыстарда 600 орындық оңалту және сауықтыру кабинеттері бар ұйымдар салынбақ.
Білікті мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды еліміздің 17 педагогикалық жоғары оқу орны мен 9 колледжде даярлайды. 2027 жылы колледждер 500-ден астам логопедті түлектер қатарына шығаруды жоспарлап отыр.
Балаларға жеке қолдау көрсетуде педагог-ассистенттер де маңызды рөл атқарады. Білім беру ұйымдарында 7,5 мың педагог-ассистент еңбек етеді. Биылғы оқу жылында 6 колледжде педагог-ассистенттерді даярлау басталып, 210 студент қабылданды.
Ерекше білім беру қажеттіліктерін уақтылы анықтау мақсатында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды ашу нормативтері 40 мың балаға шаққандағы есеппен қайта қаралады. Бүгінде 1 ПМПК ашу нормативі 50 мың балаға шаққандағы есеппен айқындалған.
Арнайы ұйымдардың инфрақұрылымын жаңғырту маңызды бағыт болып қала береді. 2024 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 99 арнайы мектептің оқу кабинеттері мен шеберханалары жаңартылды. Қормен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдаудың тиімді ведомствоаралық жүйесін қалыптастыру мақсатында Инклюзивті білім беруді дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспары бекітілді. Оны іске асыру ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесін жетілдіруге және өңірлерде білім беру қызметтерінің қолжетімділігін одан әрі арттыруға бағытталған.
Мазмұнға өту
