Сурет: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) интернет-казинолардың заңсыз жұмысына жәрдемдесу фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тергеу барысында күдіктілер өздерінің бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесі арқылы шетелдік интернет-казинолардың пайдасына ақша аударғаны анықталды. Бұл жүйеге түрлі банктерде орнатылған жүздеген терминал тартылған. Олардың қатарында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казинолары бар.
Жалпы операциялардың көлемі 191 млрд теңгеге, ал есептелген комиссиялық сыйақы 286 млн теңгеге жеткен.
Ақшаның мақсатын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Кейбірі өз деректерінің қолданылғанын білмеген. Олардың атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркелген. Жалған шарттар мен арнайы жасалған сайттар арқылы ақша тауарлар мен қызметтердің ақысы ретінде төленгендей көрсетілген. Қаражат шетелдік тараптарға, соның ішінде криптовалюта арқылы аударылған.
Қылмысты ұйымдастырған адам қамауға алынды.
«Соттың рұқсатымен 4 көлікке және 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді», делінген хабарламада.
Еске салайық, Қазақстанда Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікпен екі шетелдік азамат іздестіріліп жатыр.
Мазмұнға өту
