Сурет: Egemen Qazaqstan
Энергетика министрлігі 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау аясында саланы цифрлық трансформациялау бойынша жұмыс жүргізуде. Салалық компаниялармен бірлесіп заманауи цифрлық технологиялар енгізіліп, өндірістік процестер автоматтандырылуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 станциясында жасанды интеллект қолданатын 200-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Жүйе өндірістік қауіпсіздікті арттыруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға бағытталған.
Интеллектуалды жүйе нысандарды нақты уақытта бақылап, бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Жасанды интеллект платформасы тұлғаны тану, жылдамдықты бақылау, оқиғалар журналын жүргізу, талдамалық есептер мен графиктер қалыптастыру мүмкіндіктерін қамтиды. Кешенге бұзушылықтар туралы қызметкерлерді жедел хабардар ететін байланыс және құлақтандыру жүйесі енгізілген. Жүйе белгілі бір оқиғаларды анықтағанда ескерту хабарламаларын автоматты түрде іске қосатын сценарийлерді де қамтиды.
Жауапты қызметкерлердің жедел өзара іс-қимылы үшін корпоративтік Telegram-арна құрылды. Бұзушылық анықталғанда жүйе оқиғаның сипаты, орны, камера нөмірі, күні мен уақыты көрсетілген хабарламаны автоматты түрде жібереді. Арнаға диспетчерлік қызметтің ауысым бастықтарын қоса алғанда, басшылар мен жауапты қызметкерлер қосылған.
Жүйе тәулік бойы бақыланады. Бейнеағындарды бақылау және талдау үшін бейнеқабырғалармен жабдықталған операторлық бекеттер ұйымдастырылған. Бейнежазбалар серверлік жабдықта сақталады, бұл қажет болғанда оқиғаларды жан-жақты талдауға мүмкіндік береді.
Қосымша бақылау деңгейін бейнежазба және онлайн-трансляция функциялары бар ақылды каскалар қамтамасыз етеді. Бұл құрылғылар бірінші тұлға атынан бейнежазбаны нақты уақытта жеткізеді, ал жасанды интеллект технологиялары жұмыс барысындағы жағдайларды бірден талдауға мүмкіндік береді.
Станция аумағында деректердің тұрақты берілуін қамтамасыз ету үшін 10 Wi-Fi кіру нүктесінен тұратын желі іске қосылды. Бұл цифрлық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – оны пайдалану барысында үздіксіз жетілдіру мүмкіндігі. Операторлар алгоритмдердің жұмыс нәтижелерін талдап, дұрыс анықталған оқиғаларды растап, жалған хабарламаларды алып тастайды. Бұл алгоритмдердің дәлдігін тұрақты түрде арттырып, жүйенің тиімділігін күшейтуге, соның нәтижесінде кәсіпорындағы қауіпсіздік пен бақылау деңгейін одан әрі жоғарылатуға мүмкіндік береді.

