Жаңа Конституция: Қазақстанда волонтерлік пен қайырымдылыққа ресми мәртебе берілді

Сурет: Ақорда

Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформа адам құқықтарын қорғауды күшейтуге, қоғамдық келісімді нығайтуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңартылған Конституция мәдениет, сөз бостандығы, шығармашылық еркіндік, отбасы құндылықтары, дін, волонтерлік және қайырымдылық сияқты маңызды салаларды қамтиды. Бұл өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде белгіленген. Бұл музейлердің, театрлардың, кітапханалардың, архивтердің және шығармашылық ұйымдардың қызметін дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады. Сонымен қатар архив және кітапхана ісін жаңғыртуға, қорларды цифрландыруға және ұлттық әдебиетті насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді.

Жаңа Ата заң тілдік және мәдени әралуандылықты сақтауға кепілдік береді. Әр азаматтың ана тілін пайдалануына, мәдениетін дамытуына және білім алу тілін еркін таңдауға құқығы қамтамасыз етіледі. Бұл еліміздегі этносаралық келісімді нығайтуға және ортақ азаматтық бірегейлікті дамытуға мүмкіндік береді.

Конституция сөз бостандығын, шығармашылық және ғылыми қызмет еркіндігін қорғайды. Ақпаратты еркін алу және тарату құқығы бекітіліп, цензураға тыйым салынады. Сонымен бірге зияткерлік меншік құқықтарын қорғау нормалары енгізілген. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, сондай-ақ креативті индустрия өкілдерінің қызметін қолдауға бағытталған.

Отбасы институтын нығайту да негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Конституцияда неке ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы ретінде айқындалып, отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында болатыны көрсетілген.

Дін саласында мемлекеттің зайырлы сипаты сақталып, ар-ождан бостандығына кепілдік беріледі. Сонымен қатар конфессияаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылық маңызды құндылықтар ретінде танылған.

Жаңа Конституция волонтерлік пен қайырымдылық қызметті қолдауға ерекше мән береді. Бұл азаматтық белсенділікті арттыруға, қоғамдық бастамаларды дамытуға және қайырымдылық мәдениетін кеңінен таратуға мүмкіндік жасайды.

Ұқсас жазбалар

Сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстар: тағы 18 заңға өзгеріс енгізіледі

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жаңа Конституцияда…

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тоқаев германиялық бизнесті Қазақстан нарығына белсендірек қатысуға шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федералдық экономика және энергетика министрі Катерина Райхені қабылдады, деп хабарлайды…