Қаржы

«Яндекстің» бес компаниясы тексеріледі

Сурет: Egemen Qazaqstan

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қараша айының соңына дейін «Яндекстің» бес заңды тұлғасына жоспардан тыс тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тексеру «Яндекс Қазақстан», сондай-ақ «Яндекс Go» және «Яндекс Еда Қазақстан» компанияларын қамтиды. Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мамандар қазақстандықтардың жеке деректерінің қайда сақталатынын және олардың қаншалықты сенімді қорғалатынын анықтайды.

Заңбұзушылықтар анықталса, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Тексеруге қазан айында «Яндекс» сервистерінде болған ауқымды ақаудан кейін депутаттық сауалдың жолдануы себеп болған. Сол кезде пайдаланушылар қосымшалар жұмысындағы іркілістерге тап болып, басқа сервистердегі такси бағасы күрт өскен еді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive сервисіне такси бағасының күрт өсуіне байланысты алдын ала ескерту жолдады.

«Яндекс» істен шыққаннан кейін әлеуметтік желілерде отандық сервистерді қолдауға шақырған пікірлер пайда болды. «Өзіміздің таксиді қолданайық», «Отандық қосымшаларға мүмкіндік берейік» деп жазды желідегі жұрт.

Елімізде «inDrive», «Aparu», «Tez Taxi», «Qaztasymal», «BAS Taxi» секілді сервистер жұмыс істейді. Олардың ішінде ең танымалы – «inDrive». «Яндекс» жұмысы тоқтағаннан кейін бұл сервиске сұраныс артты.

Айта кетейік, көрші Өзбекстан жаңа такси сервисін іске қоспақ. Бұл туралы республиканың көлік министрінің бірінші орынбасары Маманбий Омаров жергілікті ақпарат құралына берген сұхбатында мәлімдеген. Көлік министрлігінің өкілі компанияның атауы мен қызметті іске қосу мерзімін нақтыламады, тек жақын уақытта Өзбекстанның такси нарығына қытайлық жаңа ойыншы пайда болатынын атап өтті.

Көп оқылғандар