Сурет: Egemen Qazaqstan
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына тіркелу аяқталуына бір апта қалғанда, жоба сайтында 175 мыңнан астам қатысушы тіркелді. Осыған орай «Яндекс Книги» сервисінде қажетті шығармалар жинақталған арнайы цифрлық сөре жасақталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Марафонның басты мақсаты — қатысушыларға кітапты жүйелі оқу дағдысын қалыптастыруға көмектесу. Алты ай ішінде әрбір қатысушы 15 кітап оқуы тиіс, яғни орта есеппен әр 10–12 күн сайын бір кітап.
Ұйымдастырушылар оқу процесін ыңғайлы ету үшін цифрлық шешімдерді қарастырған. Енді марафон тізіміне енген шығармалардың бір бөлігі «Яндекс Книги» сервисіндегі арнайы сөреде жинақталған, бұл оқырмандарды қажетті әдебиетті іздеу қажеттілігінен босатады.
Серіктестік аясында қатысушылар «Яндекс Книги» сервисіне 30 күндік тегін қолдану мүмкіндігін алады. Сондай-ақ, марафон өткізілетін кезеңде сервистегі негізгі шығармалар цифрлық және аудиоформатта тегін оқуға және тыңдауға қолжетімді болады.
Қазіргі уақытта «Яндекс Книги» каталогында 250 мыңнан астам электронды және аудиокітап, комикстер мен подкасттар бар. Қазақ тіліндегі жинақ та қарқынды дамып келеді — пайдаланушыларға 2 500-ден астам электронды және аудиокітап ұсынылған. Мәтінді аудиомен синхрондау, виртуалды баяндаушы және жасанды интеллект негізіндегі «Алиса» смарт-колонкалары сияқты мүмкіндіктердің арқасында қатысушылар кітапты кез келген уақытта оқи және тыңдай алады.
«Біз марафонға деген үлкен қызығушылықты көріп отырмыз: жоба сайтында қазірдің өзінде 175 мыңнан астам адам тіркелді, тіркеу әлі де жалғасуда. Қазір қатысушылар басталар сәтке дайындалып жатыр — кітаптарды таңдап, өздерінің оқу ырғағын жоспарлап жатыр. «Яндекс Книги» сервисінде арнайы сөренің пайда болуы барлық қажетті әдебиетті бірнеше рет басу арқылы әрбір қатысушыға қолжетімді ету арқылы бұл процесті едәуір жеңілдетеді», — деп атап өтті «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев.
«Біз үшін сапалы әдебиеттің адамдардың қай жерде тұратынына және қандай форматты қалайтынына қарамастан қолжетімді болғаны маңызды. «Яндекс Книги» сервисіндегі «Кітап оқитын ұлт» арнайы сөресі қатысушылар қажетті шығармаларды оңай тауып, кітап оқуды өз өмірлерінің тұрақты әрі жағымды бөлігіне айналдыра алуы үшін жасалған», — деп баса айтты «Yandex Qazaqstan» басшысы Тимур Шалекенов.
Марафонға тіркелу тағы 7 күнге созылады, ал кітап оқудың ресми старты 2026 жылғы 15 қыркүйекте басталады. Жобаның ресми сайтында тіркеліп үлгеріңіз!
