Сурет: Polisia.kz
Ұлттық ұланның әскери қызметшілері LRT станцияларында жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұландықтар қоғамдық тәртіпті қадағалауға, қауіпсіздік ережелерінің сақталуына және жолаушылар қозғалысын реттеуге көмектеседі. Станциялардағы тұрақтылықты үйлестіру қажеттілігі жолаушылар ағынының және тұрғындардың жаңа көлік объектісіне деген сұранысының артуына байланысты туындап отыр.
Қоғамдық тәртіп әскерінің сарбаздары станциялардың ішінде ғана емес, оған іргелес аумақтарда да қызмет атқарады. Олар азаматтарға көмек көрсетіп, жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Негізгі міндет – елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ қоғамдық құқықбұзушылықтардың алдын алу. Азаматтардың қауіпсіздігіне және төтенше жағдайларға жол бермеуге ерекше назар аударылады.
Қазір қызмет 17 станцияда екі ауысымдық режиммен жүргізіліп жатыр. Станцияларда жолаушылар ағынын реттеуге және тұрақтылықтың сақталуына басымдық беріліп отыр. Аталған шаралар полиция қызметкерлерімен, көлік қызметтерінің өкілдерімен және LRT әкімшілігімен тығыз бірлесіп ұйымдастырылған.

