Тоқаев: Түпкі мақсатымыз – азаматтарына мүлтіксіз қызмет ететін озық цифрлық мемлекет құру

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы оқу жылында Жасанды интеллект университеті ашылатынын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бұл Орталық Азиядағы жасанды интеллект саласына маман даярлайтын алғашқы арнаулы оқу орны болады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент жасанды интеллектті дамыту үшін қуатты есептеу ресурстары мен заманауи инфрақұрылым қажет екенін атап өтті. Осы мақсатта «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасы іске асырылып, әлемдік жетекші технологиялық компанияларды тартуға басымдық беріледі.

«Қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу бұл бағыттағы маңызды қадам болды. Ол жасанды интеллекті жөніндегі теориялық тұжырымдарды мемлекеттік басқаруға, экономикаға және ұлттық қауіпсіздікке арналған қолданбалы шешімдерге ұластырды. Дегенмен жасанды интеллект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет етеді. Дәл осы себепті «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады. Үкімет бұл міндетті айрықша бақылауда ұстауы керек. Оның орындалуын ұдайы қадағалап отырамын. Шын мәнінде, қазір Жаңа Жібек жолының жоғары технологиялық хабы ретінде еліміздің цифрлық дербестігінің іргесі қаланып жатыр», деді Президент.

Мемлекет басшысы ең қуатты компьютерлер мен озық дата-орталықтарда жұмыс істейтін маман болмаса, қаржының желге ұшатынын ескертті. Сондықтан болашақ архитекторлар мен бағдарлама әзірлеушілерді мектептен бастап даярлау қолға алынған. Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы жанынан екі инновациялық мектеп ашылды, ал осы оқу жылында Жасанды интеллект университеті ашылады.

Цифрлық трансформация – жоғарыдан төменге дейін барлық басқару тармақтарын қамтитын ашық әрі қарқынды үдеріс. Қазірдің өзінде жоғары лауазымды басшылардан ауыл әкімдеріне дейін он мыңдаған мемлекеттік қызметші осы салалық білім беру бағдарламасына қатысуда. Президент мемлекеттік басқарудың логикасы мен философиясын түбегейлі өзгерту, бюрократиядан арылып, «Мемлекет-платформа» (GovTech) сервистік парадигмасына көшу қажеттігін атады.

«Түпкі мақсатымыз – жаһандық технологиялық ландшафтта орныққан, ұлттық мүддені табанды түрде қорғап, ілгерілететін, азаматтарына мүлтіксіз қызмет ететін озық цифрлық мемлекет құру», деді Мемлекет басшысы.

Ұқсас жазбалар

Президент: Атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге…

Қазақстан азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында отандық медицина саласының дамуына тоқталды.

Президент Цифрлық Қазақстанды құрудың негізгі алғышартын атады

Мемлекет басшысы жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік беретінін атап өтті.