Тоқаев: Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы байланыс тарихтағы ең жоғары деңгейге жетті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Президент Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыс екіжақты ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. Ол Қазақстан мен ЕО арасында аса жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог жолға қойылғанын айтты. Сонымен қатар еліміздің аймақта бірінші болып ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойып, ратификациялағанын еске салды.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға айрықша назар аударды. Сондай-ақ көлік-логистика байланыстарын нығайту мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Президент Транскаспий халықаралық көлік бағдары (Орта дәліз) және ЕО-ның Global Gateway бастамасын ұштастыру перспективасына назар аударды. Ол еліміздегі бірқатар ірі көлік-инфрақұрылым жобасына еуропалық серіктестердің қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.

Президент Қазақстанда айтарлықтай мол қоры бар аса маңызды шикізат материалдары саласы ынтымақтастықты дамытуға кеңінен мүмкіндік береді деп санайды. Еліміз өңдеу өнеркәсібіне, технология трансферіне және бірлескен өндірістік жобаларға еуропалық инвестиция тартуға ниетті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақпен энергетика, соның ішінде атом, цифрлық трансформация, ауыл шаруашылығы, су қауіпсіздігі және климат күн тәртібі секілді бағыттарда ықпалдастықты одан әрі арттыруға мүдделі екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестіктің тағы бір маңызды саласы ретінде білім беру, ғылым, мәдениет және азаматтар арасындағы қарым-қатынас сияқты гуманитарлық өлшемдерді атады.

Ұқсас жазбалар

Брюссельде Қазақстан мен ЕО арасындағы маңызды келісімдер жасалды

Брюссельде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы маңызды келісімдерге қол қойылды.

Президент Тоқаев Еуропалық Одақ көшбасшыларымен кездесу үшін Брюссельге келді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақ көшбасшыларымен келіссөз жүргізу үшін Брюссельдегі «Еуропа» ғимаратына келді.

Алдағы үш күнге ауа райы болжамы жарияланды

Аптап ыстықтан кейін еліміздің солтүстік өңірлері аздап салқындайды. Қазақстан аумағына циклон ығысып, жаңбыр, найзағай, бұршақ,…