Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федералдық экономика және энергетика министрі Катерина Райхені қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында Президент Қазақстанның Германиямен стратегиялық серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Германия еліміздің ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып табылады.
Екіжақты сауда және инвестициялық ықпалдастықта оң динамика байқалады. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына 8 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Оның басым бөлігі шикізаттық емес секторға тиесілі. Бүгінде елімізде неміс капиталының үлесі бар мыңнан аса компания табысты жұмыс істейді. Олардың арасында CLAAS, Horsch, Siemens, BASF, Heidelberg Materials, Siemens Energy, Knauf және Linde сияқты өнеркәсіп алпауыттары бар, — деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан тарапы германиялық бизнестің нарыққа көбірек келуі үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін растады. Сондай-ақ ол елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістер туралы айтып, жаңа Конституцияда Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және өркендеген мемлекет ретінде даму бағытын айқындайтын негізгі қағидаттар көрініс тапқанын жеткізді.
Өз кезегінде Катерина Райхе екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылау мүмкіндігі үшін Президентке алғыс айтып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі табыстарына тоқталды. Министр Қазақстан Германияның аймақтағы ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін және екіжақты ықпалдастықты кеңейтудің әлеуеті мол екенін атап өтті.
Кездесуде энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу, көлік-логистика инфрақұрылымы салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру перспективасына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге және Федералдық канцлер Фридрих Мерцке ыстық ықыласын жолдады.

