Тоқаев еуропалық серіктестерді ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтасуға шақырды

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінде еуропалық серіктестерді ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтасуға шақырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент Қазақстанның өнеркәсіп секторы экономиканың орнықты өсімі мен әртараптандырылуына ықпал ететін берік тірек екенін атап өтті. Соңғы жылы еліміздің ІЖӨ-дегі өнеркәсіп секторының үлесі шамамен 27 пайызды құраған. 190-нан аса жаңа өндіріс тізбегі іске қосылды. Еуропалық компаниялар өнеркәсіп салаларын дамытуға белсенді атсалысып жатыр.

– Бұл жоғары бағаға лайық. Қазақстан мен Еуропалық Одақтың экономикалық ықпалдастығы түбегейлі өзгеріске ұшырап, локализацияға және қосылған құны жоғары өндіріс тізбегінің интеграциясына баса мән берілуде. Бұл мысалдар Қазақстан-Еуропа өнеркәсіп кооперациясының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Осы ретте еуропалық қаржы институттарының, ең алдымен, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банктің қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Алатау «ақылды қала» жобасы криптоиндустрияның, инновацияның және жоғары технологиялық бизнестің өркендеуіне жол ашады деп санайды. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі проблемасын шешу ұлттық күн тәртібіндегі маңызды басымдықтардың бірі ретінде аталды.

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыру стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Осы орайда, Президент еуропалық серіктестерді мал шаруашылығы, астық дақылдарының селекциясы, жер игерудің дәлме-дәл технологиясы және топырақ құнарын арттыру секілді салаларда ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Содан соң Мемлекет басшысы жаңа замандағы жасанды интеллект рөлі жөніндегі пікірін жеткізді. Goldman Sachs болжамына сәйкес, ЖИ әлем экономикасына 7 триллион доллардан астам табыс әкеледі. Осы жаһандық үдерістерге сай, Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру стратегиялық міндет ретінде қойылды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, оған қосымша Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жасақталды. Аталған консультативтік орган құрамына жетекші отандық және әлемдік сарапшылар кіреді. Қазақстан – NVIDIA технологиялары негізінде екі суперкомпьютерді іске қосқан өңірдегі алғашқы ел. Бұдан бөлек, «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» құрылды. Alem.ai халықаралық орталығының жанынан Tumo және Tomorrow School жаңа буын мектептері ашылды. Мақсаты – ұстаздардың біліктілігін арттырып, инфрақұрылымды жетілдіру және өскелең ұрпақ игілігі үшін дербес білім беру стандарттарын енгізу. Сондай-ақ Алатау «ақылды қаласын» стратегиялық тұрғыдан дамытуға ерекше мән беріледі. Жаңа Конституцияға сәйкес, аталған қала айрықша құқықтық мәртебеге ие болды.

Ұқсас жазбалар

Тоқаев Брюссельде Тони Блэр және еуропалық бизнес көшбасшыларымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Тони Блэр, Groupe ADP, Inditex Group және Mediterranean Shipping Company басшыларымен кездесіп,…

Президент: Біз білімге негізделген экономика құрғымыз келеді

Президент «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелінде АХҚО мүмкіндіктерін таныстырып, білімге негізделген экономика құру ниетін білдірді.

Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін күшейтуде

Мемлекет басшысы MSC аға вице-президенті Эдуард Зигристті қабылдап, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін күшейту шараларын…