Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Өзбекстан астанасындағы Ұлттық кино өнері сарайында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған Қазақстан киносының күндері ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шара барысында «Қайтадан», «Ерекше», «Моя большая казахская семья», «Жабайы», «Алтын адам» және «Әміре» фильмдері көрермен назарына ұсынылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді.
Кино күндеріне Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің, «Қазақфильм» киностудиясының, Kinopark Theatres, Tiger Films және Dala Edge компанияларының өкілдері, сондай-ақ екі елдің кино саласының мамандары қатысты.
Спорт пен адамның ерік-жігерін басты тақырып еткен «Ерекше» фильмінің көрсетіліміне Өзбекстанның бочча командасының өкілдері мен Ташкенттегі спорт мектебінің оқушылары келді. Қазақстан мен Өзбекстан кинематографистері ұлттық киноны дамыту және бірлесіп фильм түсіру мүмкіндіктерін талқылады.
Қазақстан киносының күндері мәдени алмасуға, шығармашылық байланыстарды нығайтуға және отандық киноны шетелде насихаттауға мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, Мәскеуде өткен «Бриллиантовая бабочка» ашық Еуразиялық киносыйлығында Қазақстан екі аталым бойынша жеңімпаз атанды. Думан Еркімбектің «Qaitadan» фильміндегі басты рөлі үшін Жасұлан Көпберген үздік актер атанса, «Эвакуация» картинасындағы операторлық жұмысы үшін Александр Плотников үздік оператор деп танылды.
Мазмұнға өту
