Басты тақырып

Щучинскідегі жарылыс: 12 адам қазасына кінәлілерге үкім шықты

Сурет: Видеодан алынған кадр

Щучинскідегі дәмханада болған жарылысқа қатысты үш адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сот шешімімен дәмхананың жалға алушысы мен газ құю станциясының директоры жеті жылға, ал газ баллондарын жеткізуші алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Дәмхана иесі өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзып, абайсызда ауыр зардаптарға, денсаулыққа зиян келуіне және екіден астам адамның қаза болуына әкеп соқтырғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған қосымша үш жыл бойы қоғамдық тамақтану саласында қызметпен айналысуға тыйым салынды. Қалған екі айыпталушы қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсеткені үшін кінәлі деп танылды.

Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырып, қаза тапқандардың жақындарына 1-4 миллион теңге көлемінде өтемақы тағайындады. Соттағы соңғы сөзінде кафе жалға алушысы нысандағы жұмысты және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақыламағанын мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады.

Автогаз құю станциясының директоры да кешірім сұрағанымен, кінәсін мойындамайтынын айтып, ақтауды өтінді. Ол сот отырысында газ баллоны сыртқы жылу әсерінен жарылғанын айтты. Ал газ баллондарын жеткізуші соттан оқиғаға әділ әрі заңды баға беруді сұрады.

Еске салайық, 27 ақпанға қараған түні Щучинскідегі дәмханада газ баллоны жарылып, салдарынан 12 адам қаза тапты. Наурызда кафе иесі, сәуірде АГҚС директоры мен газ баллондарын жеткізуші ұсталды.

Сот процесі барысында АГҚС қызметкерлерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқудан өтпегені анықталды. Соған қарамастан олар емтиханды сәтті тапсырғаны туралы куәлік алған. Сонымен қатар станцияда бейінді білімі бар мамандар болмағаны анықталды.

Көп оқылғандар