Сурет: Egemen Qazaqstan
Материалдық жағдайы тұрақты қазақстандықтар мемлекеттік жәрдемақылардан өз еркімен бас тартып, бұл шешімдерін әлеуметтік желілерде жариялап жүр. Олар мемлекеттік қолдауға алғыс айтып, әлеуметтік көмектің шын мұқтаж отбасыларға жетуі керектігін атап өтуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Көпбалалы ана Жанат әлеуметтік желідегі жазбасында мемлекеттік жәрдемақының отбасына, әсіресе балалары кішкентай кезінде, үлкен көмек болғанын жеткізген. Қазір балалары өсіп, отбасының жағдайы жақсарғанын айтқан ол кейбір төлемдердің тоқтауына қарсылық білдірмейтінін атап өткен. Оның пікірінше, баланы дүниеге әкелудегі басты мақсат жәрдемақы алу емес, ұрпақ жалғастырып, балаларды аман-есен өсіріп, жақсы азамат етіп тәрбиелеу.
Сондай-ақ Лесхан Шаймерженов Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында қазіргі жағдайының жақсы екенін айтып, алып жүрген жекелеген мемлекеттік жәрдемақылардан өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Ол осы уақытқа дейін көрсетілген көмек үшін алғыс білдіріп, «Әр нәрсенің өз реті бар. Еліміз аман болсын!» деп жазған.
Аталған азаматтардың жазбалары қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік пен өзара қолдау мәселесін күн тәртібіне шығаруда. Олардың ұстанымы бойынша, отбасының материалдық жағдайы өз қажеттіліктерін өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, мемлекеттік қолдаудан бас тарту арқылы көмекке мұқтаж азаматтарға басымдық беруге болады.
Сонымен қатар заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтардың мемлекеттік қолдауды пайдалануы заңды екенін атап өткен жөн. Ал төлемдерден өз еркімен бас тарту – әр азаматтың жеке шешімі. Мұндай бастамалар қоғамдағы әлеуметтік ынтымақтастық пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын көрсетеді.
