Қазақстанда саусақ ізін алудың жаңа тәртібі 1 шілдеден бастап күшіне енді

Сурет: Рolisia.kz

1 шілдеден бастап дактилоскопиялық және геномдық тіркеудің жаңартылған қағидалары қолданысқа енгізілді. Бұл өзгерістер ел азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың саусақ іздерін алу және жеке басын растау тәртібіне қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі істер министрі міндетін атқарушының бұйрығымен енгізілген жаңа қағидалар бойынша, көші-қон қызметі бөлімшелері 16 жастан асқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың саусақ іздерін алады. Бұл рәсім уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеу, сондай-ақ ықтиярхат, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі мен жол жүру құжатын алғаш алу, қалпына келтіру немесе ауыстыру кезінде жүргізіледі.

Қазақстан визасын рәсімдеу кезінде де дактилоскопиялық тіркеу міндетті. Сонымен қатар, Қазақстан аумағынан шығарылуға жататын немесе реадмиссия жөніндегі халықаралық келісімдердің талаптарына кіретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың да саусақ іздері алынады.

Құжатта рәсімнің өткізілу тәртібі нақтыланған. Құжаттар мен визаларды рәсімдеу кезінде барлық он саусақтың ізі бояусыз тәсілмен, яғни сканерлеу арқылы алынады. Егер жүйе саусақ іздерін тани алмаса, қайта сканерлеу жүргізіледі. Қажет болған жағдайда дактилоскопияның өзге тәсілі қолданылады.

12 жасқа толмаған балалар мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде міндетті дактилоскопиялық тіркеуден және саусақ іздері арқылы жеке басын растау рәсімінен босатылады.

Виза рәсімдеу кезінде дактилоскопиялық тіркеуден босатылатын адамдар санаты да айқындалды. Олардың қатарында шет мемлекеттердің басшылары, дипломатиялық паспорт иелері, ресми делегациялар мүшелері және қағидаларда көзделген өзге де тұлғалар бар.

ІІМ мәліметінше, дактилоскопиялық ақпарат жеке тұлғаны растау, шетелдік азаматтардың есебін жүргізу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік шекарадан өту кезінде бақылауды жүзеге асыру мақсатында пайдаланылады.

Геномдық ақпарат қылмыстарды тергеу, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру, кім екені анықталмаған мәйіттердің жеке басын анықтау және туыстық байланысты растау үшін қолданылады.

Бұған дейін хабарланғандай, Сыртқы істер министрлігіне дактилоскопиялық тіркеу өкілеттігі берілді.

Ұқсас жазбалар

Брайль қарпіндегі Конституция таныстырылды

Ұлттық кітапханада Брайль қарпімен басылған жаңа Конституция таныстырылды. Бұл бастама зағип және нашар көретін азаматтардың…

Жыл басынан бері 160-тан астам күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық құрылымдарға қатысы бар күдіктілердің топ құру, басшылық ету және қатысу…

Қарағанды облысында үш теміржол вокзалы жаңғыртылды

Қарағанды облысында Нұра, Қарағанды-Сұрыптау және Жаңа Қарағанды станцияларындағы теміржол вокзалдары жаңғырту жұмыстары аяқталған соң ашылды.