Сурет: Ашық дереккөз
«Қазгидромет» 8 маусымда ел аумағында ауа райына байланысты ескерту жариялады. Еліміздің басым бөлігінде найзағай, бұршақ, қатты жел, шаңды дауыл және аптап ыстық күтіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Синоптиктердің мәліметінше, Абай, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Жетісу, Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстарында ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады. Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында шаңды дауыл күтіледі.
Сонымен қатар Астана, Шымкент және бірқатар өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыз жағдайларына байланысты сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Еске сала кетейік, «Қазгидромет» ұсынған болжамға сәйкес, маусым және тамыз айлары әдеттегіден ыстық болады. Қазақстан аумағында ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болуы мүмкін. Елдің оңтүстігінде кей күндері ауа температурасы +45 градусқа дейін көтеріледі.

