Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолын мобильді байланыспен қамту жоспарланып отыр. Жоба шеңберінде 500-ден астам антенна-діңгек құрылымы мен базалық станция салынады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл мәселе Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Жиынға «Транстелеком» АҚ және мобильді байланыс операторларының өкілдері қатысты.
Кездесуде жобаның ағымдағы барысы, сондай-ақ инвестор мен байланыс операторларының телекоммуникациялық инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану мәселелері қаралды.
«Жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Республикалық жолдарды 2026 жылдың соңына дейін, ал облыстық маңызы бар жолдарды 2027 жылдың соңына дейін мобильді байланыспен қамту жоспарланған. Жобаны қаржыландыруға бюджет қаражаты тартылмайды. Құрылыс инвестор «Транстелеком» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады», делінген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарламасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚТЖ қыркүйектің соңына дейін 124 пойыз Starlink интернетіне қосылатындығын хабарлаған болатын.
