Саясат

Қазақстан ШЫҰ-ны заманауи қауіп-қатерлерге бейімдеуді ұсынды

Сурет: ҚР СІМ баспасөз қызметі

ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Делегация басшылары қазіргі халықаралық жағдайда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси үйлестіруін тереңдету және 2026 жылғы 1 қыркүйекте Бішкекте өтетін ШЫҰ саммитіне дайындық барысын талқылады.

Е.Көшербаев өңірлік қауіпсіздік пен көпсалалы ынтымақтастықтағы ШЫҰ-ның ерекше рөлін атап, Қазақстанның Ұйым қызметін қолдауды жалғастыратынын растады. Ол ШЫҰ-ны жетілдіру және оның институттарын заманауи сын-қатерлерге бейімдеу қажеттігін айтты.

Министр халықаралық ахуалдың өзгеруі жағдайында жаһандық экономиканың орнықтылығы мен халықаралық сауда қауіпсіздігінің өзектілігін атап өтті.

Әскери сипатқа ие геосаяси тұрақсыздық сауда қатынастарына әсер етіп отыр. Жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігі, соның ішінде Қазақстан үшін де маңызды. Энергетикалық инфрақұрылымға және мұнай тасымалдайтын танкерлерге белгісіз ұшқышсыз жүйелердің шабуылдары дәлел. Сауда бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігер қажет, – деді Е.Көшербаев.

Қазақстан заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтарды және көлік-логистикалық тізбектерді тұрақсыздандыру әрекеттерін жол берілмейтін іс-әрекет деп санайды.

Министр климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын пайдалану салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін айтып, Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын және ШЫҰ-ның Су проблемаларын талдау орталығын құру бастамаларын қолдауға шақырды.

Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ тиімділігін арттыруға бағытталған құжаттардың жобалары, соның ішінде ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған Бішкек декларациясы мақұлданды.

Іс-шара аясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Кездесуде ШЫҰ шеңберіндегі көпсалалы ынтымақтастықты кеңейту және халықтардың әл-ауқатын арттыру бастамаларын іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Е.Көшербаев Қырғыз Республикасының ШЫҰ-ға төрағалығын қолдауға дайын екенін білдіріп, Қазақстанның ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бейілдігін растады.

Көп оқылғандар