Саясат

Қазақстан мен Бельгия 2027-2029 жылдарға жол картасына қол қойды

Сурет: СІМ

Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында екі елдің сыртқы істер ведомстволары 2027-2029 жылдарға арналған ынтымақтастық жол картасына қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құжатқа ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев пен Бельгия Корольдігінің Сыртқы істер, сыртқы сауда және даму мақсатындағы ынтымақтастық жөніндегі федералдық мемлекеттік қызметі Басқарушы комитетінің төрағасы Теодора Джентцис қол қойды.

Құжат саяси диалогты жандандыруды, тұрақты консультациялар өткізуді, ведомствоаралық байланыстарды нығайтуды және екіжақты өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша бірлескен бастамаларды ілгерілетуді көздейді.

Кездесуде тараптар қазақ-бельгия қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, Бельгия монархының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарының тарихи маңызын және оның екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтудағы рөлін атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстанның Еуропалық одақпен өзара іс-қимылының өзекті мәселелері, оның ішінде визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдерге қол қою перспективалары, екіжақты шарттық-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мәселелері қарастырылды.

БҰҰ аясындағы ынтымақтастықты, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуды, көпжақты бастамаларды ілгерілетуді қоса алғанда, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Кездесу соңында тараптар қазақ-бельгия ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге және қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға өзара мүдделілігін растады. Бұл ретте 2027 жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатыны атап өтілді.

Көп оқылғандар