Қоғам

Астанада пәтер алаяқтығы бойынша тоғыз адам сотталды

Сурет: istockphoto.com

Астанада тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді сату кезінде алаяқтық жасаған тоғыз адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сотталушылар құрылыс компанияларының өкілдері ретінде таныстырып, пәтер сатып алғысы келген азаматтардан ақша жинаған. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу мәліметінше, 2022 жылғы ақпаннан 2023 жылғы шілдеге дейін олар R-Club және R-Club Deluxe тұрғын үй кешендерінен пәтер алғысы келген азаматтармен жалған брондау шарттарын жасасқан. Соның салдарынан 135 адамға жалпы сомасы 5,14 миллиард теңге болатын материалдық залал келтірілген.

Бұдан бөлек, сотталушылар Кенесары даңғылы бойында салынып жатқан Arai Apartments тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді қайта сату схемасын жүзеге асырған. Нәтижесінде тағы бес адам 228 миллион теңге көлемінде шығынға ұшыраған.

Осылайша, келтірілген жалпы залал 5,36 миллиард теңгеден асқан. Алайда жәбірленушілерге келтірілген шығын өтелмеген.

Сотталушылар өз кінәларын мойындамаған. Сот үкімімен оларға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сотталғандардың барлығына 10 жыл мерзімге құрылыс саласында жұмыс істеуге, сондай-ақ ақша қаражаты мен инвестиция тартуға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Естеріңізге салайық, Ақмола облысында жоқ пәтерлерді жалға беру туралы хабарландыру жариялап табыс тапқан 31 жастағы әйел ұсталған болатын.

Көп оқылғандар