Қасым-Жомарт Тоқаев Таиланд Сыртқы істер министрімен кездесті

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Таиланд Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеомен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев мейманға ілтипат білдіріп, оның сапары Қазақстан мен Таиланд арасындағы қарым-қатынастың дамуына серпін беретінін атап өтті. Президент Таиландты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші экономика және халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі деп сипаттады. Ол Қазақстанның Таиландпен өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Келесі жылы елдер арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 36 жыл толады.

Мемлекет басшысы екіжақты сауда-экономикалық байланыстардың қарқыны артып келе жатқанын айтты. Оған визасыз режим, туристер ағынының жоғары көрсеткіші және іскерлік байланыстардың кеңеюі ықпал етіп отыр. Президент Қазақстан Таиландтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі екенін, өңірмен жалпы тауар айналымының 70 пайызы Қазақстанға тиесілі екенін атап өтті. Қазақстан нарығында 55 таиландтық компания тіркелген. Президент Таиланд компанияларын инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруға шақырды.

Сихасак Пуангкеткео қонақжайлық үшін алғыс айтып, Таиланд Үкіметі Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Ол Қазақстанның экономикалық жетістіктеріне тәнті екенін, елдің орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын айтты. Таиланд АСЕАН-мен ықпалдастықты дамытуда дәнекер болуға дайын. Премьер-министрдің орынбасары туризм, медицина туризмі, қонақ үйлер құрылысы, аса маңызды минералдар жеткізу тізбегі және азық-түлік қауіпсіздігі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді.

Сихасак Пуангкеткео Таиланд Қазақстанның бірқатар бастамасын қолдайтынын айтты. Олардың қатарында БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын ашу және БҰҰ құрылымы аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамалар бар.

Президент Таиландтың АӨСШК қызметін дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, халықаралық құрылымдар аясындағы ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракулді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырып, ізгі сәлемін жолдады.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда шілдеде ауа температурасы 44 градусқа дейін көтерілуі мүмкін

Синоптиктер 2026 жылғы шілдеге арналған алдын ала ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың мәліметінше, елдің көптеген…

«Egemen Qazaqstan» тілшісі Байқал Байәділ Президент сыйлығын алды

«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Байқал Байәділ Президент сыйлығының иегері атанды. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ…

Мемлекет басшысы Словения Президентін ұлттық мерекемен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Словения Президенті Наташа Пирц-Мусарды Мемлекеттілік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz.