Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке денсаулық сақтау инфрақұрылымын толық жаңғыртуды тапсырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ақордада өткен жиында Президент «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бірінші кезеңі сәтті аяқталғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2023 жылдан бастап 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынған. Биыл 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары аяқталады. Елордада және өңірлерде мамандандырылған ғылыми институттар, көпбейінді ауруханалар, заманауи емханалар мен перинатальды орталықтар салынуда. Алайда әлі де пайдалану мерзімі өтіп кеткен 14 мыңнан астам нысан қызмет көрсетіп тұр.
«Дегенмен алдағы жұмыс – ауқымды. Елімізде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан аса нысан әлі де қызмет көрсетіп тұр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Президент Үкіметке денсаулық сақтау инфрақұрылымын толық жаңғыртып, материалдық-техникалық базасын күшейту жөнінде тапсырма берді.

