Сурет: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевер екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен болашағын талқылады. Саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға ерекше көңіл бөлінді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Бельгияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі серіктестерінің бірі деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, экономикалық интеграцияның қарқыны әлдеқайда жоғары әлеуетке ие. Бельгия Қазақстан экономикасына қаржы салған 10 жетекші инвестордың қатарында. Соңғы 20 жылда бұл елден тікелей инвестиция көлемі 15 миллиард долларға жетті.
Өзара сауда айналымы да тұрақты өсіп келеді. Өткен жылы оның көлемі 580 миллион доллардан асты. Премьер-министр Барт де Вевер екі ел арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейін атап өтті. Ол Бельгияның екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге және стратегиялық серіктестік аясын кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Тараптар көлік-логистика, маңызды минералдар, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, цифрлық трансформация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық, әсіресе университеттер, зерттеу орталықтары мен технологиялық компаниялар арасындағы серіктестікті дамыту перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильдаға ізгі тілегін жолдады. Президент екіжақты қатынастар тарихында алғаш рет Король Филипптің биыл Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Барт де Веверді қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Премьер-министр шақыруды қабыл алды. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

