Президент бала өмірін арашалаған дәрігерлердің еңбегін үлгі етті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің қоғамдағы ерекше рөліне тоқталып, Қарағанды облысында төрт жасар баланың өмірін сақтап қалған дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент кәсіби шеберлік пен адам өмірі үшін күресте жанқиярлық танытқан мамандардың еңбегі лайықты құрметке ие болуға тиіс екенін атап өтті.

«Еліміз сапалы әрі қарқынды түрде өсіп-өркендеуі үшін азаматтарымыздың тәні де, жаны да сау болуға тиіс. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Сіздер осы ізгі мақсат жолында аянбай қызмет етіп жүрсіздер. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Менің атыма күніне жүздеген хат келіп түседі. Азаматтарымыз өздерінің арыз-шағымын, ұсыныс-тілегін, сондай-ақ жылы лебізін білдіріп жатады. Бүгін Қарағанды облысының тұрғыны жуырда ғана жолдаған бір хатқа тоқталып өткім келеді. Онда оқыс жағдайға тап болған төрт жасар баланы облыстық аурухана дәрігерлерінің аман алып қалғаны жөнінде жазылған. Бүлдіршіннің жақын туыстары медицина мамандарының өз ісіне адалдығын ерекше атап өткен. Аурухана қызметкерлеріне, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының басшыларына ризашылығын білдірген. Кішкентай баланың өмірін сақтап қалған білікті маман қазір ортамызда отыр», — деді ол.

Осы орайда Президент кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсетіп жүрген адамдардың қажырлы еңбегі лайықты бағалануға тиіс екенін айтты.

«Мемлекет осындай отаншыл, адал азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеді. Мен бүгін отандық медицинаны дамытуға елеулі үлес қосқаны және халық денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін бір топ медицина қызметкеріне жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл марапатты ең алдымен, халықтың дәрігерлер қауымына деген шынайы құрметі, зор алғысы деп қабыл алған жөн. Баршаңызға құтты болсын!», — деді Президент.

Ұқсас жазбалар

Астанада 111 адамды алдаған алаяқ 4 жылға сотталды

Астанада азаматтарды оқуға түсіріп, грант алып беремін деп алдаған алаяқ 4 жылға сотталды. 111 адам…

Президент: Сот жүйесі әрбір өркениетті елдің дамуына негіз болады

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы сот өкілдерін қабылдап, сот жүйесінің маңызын атап…

Черногория Президенті Қазақстанға ресми сапармен келеді

Черногория Президенті Яков Милатович 18-20 маусымда Қазақстанға ресми сапармен келеді. Сапар Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен өтеді.