Жайық news

Полицей көрші ауылда өрттің алдын алып, отбасын құтқарды

Сурет: Жайық Пресс

Жанғали ауданы Қырқопа ауылында түнгі патрульдеу кезінде учаскелік полиция инспекторы Нұрлыбай Нұрмұханов бір үйдің ауласынан қою түтін көтерілгенін байқап, дереу оқиға орнына барды. Ол тұрғын үйге тақау орналасқан мал қорасының өртеніп жатқанын анықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Өрт тұрғын үйге қарай тарай бастаған. Нұрлыбай Нұрмұханов үй иелерін оятып, балалармен бірге қауіпсіз жерге шығаруға көмектесті. Өрт сөндірушілер келгенге дейін ол үй иелерімен бірге өртеніп жатқан қорадан малды алып шығып, құммен отты оқшаулау шараларын қолданды. Осының арқасында жалын тұрғын үйге таралмады.

– Егер Нұрлыбай келіп бізді оятпағанда, бізге және балаларымызға не боларын білмеймін. Оған қатты ризамыз, – деді үй иесі Есқали Мұратов.

Полицейдің қырағылығы мен батыл әрекеттерінің арқасында трагедияның алды алынды. Отбасы уақытында эвакуацияланып, тұрғын үй мен мүлік өрттен сақталып қалды.

Көп оқылғандар