Сурет: Egemen Qazaqstan
Елде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама күшейіп, ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауаптылыққа жатқызылды. Бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың келесі қадамы Қазақстан қоғамдық даму институтындағы баспасөз мәслихатында талқыланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Құқық қорғау органдары, соттар, әлеуметтік қызметтер және дағдарыс орталықтарының жұмысы кезең-кезеңімен жетілдірілуде. 2024 жылдан бастап соттар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға міндетті психологиялық көмек тағайындай алады. Осы күнге дейін 1 341 құқық бұзушыға міндетті психологиялық түзету шаралары тағайындалса, қылмыстық істер бойынша 139 адамға міндетті психологиялық көмек көрсету туралы шешім қабылданған.
«30 дағдарыс орталығы, 160 Отбасын қолдау орталығы, үкіметтік емес ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жүргізіліп жатыр. Алғашқы тоқсанның өзінде 3,4 мыңнан астам азамат дағдарыс орталықтарынан көмек алды, сондай-ақ 2 мыңға жуық бала қажетті қолдау шараларымен қамтылды. Арнайы бөлімшелерімізде 965 қызметкер еңбек етеді. Қабылданған шаралардың арқасында биыл жартыжылдықта отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 7,5 пайызға төмендеп, 1 620-дан 1 499-ға дейін азайды», — дейді Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталану мәселесі ерекше назарда. ІІМ жыл басынан бері 39 мыңға жуық тәуекел бағалауын жүргізіп, зорлық-зомбылықты қайта жасау қаупі жоғары шамамен 1,5 мың адамды анықтаған. Мамандар мұндай жағдайларда зорлық-зомбылық жасаған адамдармен жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтады.
Осы мақсатта Бас прокуратураның бастамасымен «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ Фридрих Эберт атындағы қормен бірлесіп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға арналған интервенциялық орталықтар құру және психологиялық түзету бағдарламаларын енгізу жобасын іске асырып жатыр. Бұл тәжірибе Еуропа елдерінде бар, оны Қазақстанға бейімдеу қажет. Республикада 8 орталық жұмыс істейді, онда азаматтар психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмекті бір жерден ала алады. Барлық орталық бірыңғай цифрлық платформаға қосылған, ол 26 маманның жұмысын үйлестіруге және 30 мыңға жуық азаматтың өтінішін тіркеуге мүмкіндік берді.
«Бұл жүйеде көмек қолжетімді болуы, мамандардың өзара үйлесімді жұмыс істеуі және тәжірибелік бағдарламалардың тиімділігі ерекше маңызды. Басты көрсеткіш – есептердегі сандар емес, отандастарымыздың қорықпай көмек сұрай алуы, отбасы ішінде қауіпсіздік пен өзара құрметтің орнығуы. Яғни біздің басты міндет – адамның өз әрекетін түсініп, мінез-құлқын өзгертуіне көмектесу», — дейді Президент жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Снежанна Имашева.
Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілі Әлима Теңізбай мұндай бағдарламалардың мақсаты жазаны алмастыру емес, зорлық-зомбылықтың алдын алу тек жәбірленушілерге көмек көрсетумен шектелмеуіне назар аудару екенін айтады.
«Германияда жүргізілген зерттеулер агрессорлар түзету бағдарламасынан толық өткен жағдайда оның тиімділігі 80 пайызға дейін жететінін көрсеткен. Егер біз алдын алу жұмысына көбірек көңіл бөлсек, бұл мемлекет үшін де, қоғам үшін де болашаққа жасалған үлкен инвестиция болар еді. Сондықтан біздегі жобаның маңызды бағытының бірі – ведомствоаралық іс-қимылды нығайту», — дейді қор өкілі.
Қазір «Агрессорлармен жұмыс жөніндегі интервенциялық орталық» қанатқақты жобасына 26 адам қатысып жатыр. Олармен ко-терапия қағидаты бойынша 19 маман жұмыс істейді. Сот шешімдерінің орындалуын полиция бақылайды, ал бағдарламаға қатысушыларды сүйемелдеуді денсаулық сақтау ұйымдарының және дағдарыс орталықтарының мамандары қамтамасыз етеді.
Бағдарлама мерзімі әр адамға жеке белгіленеді. Кей жағдайда полиция қызметкерлері қажетті құжаттарды жинап, тәуекелдерді бағалау жүйесі арқылы адамды бағдарламаға қанша мерзімге жіберуге болатынын анықтайды. Ол әр істің ерекшелігіне байланысты үш айдан бір жылға дейін созылады. Бұл жүйе елде соңғы екі жыл бойы қолданылып жүр.
«Бағдарламаға қатысушылардың 23 пайызы – некені бұзу үдерісінде жүрген немесе ажырасып кеткен азаматтар. Сол 26 қатысушының төртеуі белгіленген тәртіпті бұзды. Яғни шақыртуды елемей, бағдарламаға қатысудан бас тартты. Мұндай жағдайда заңнамалық тетіктер қарастырылған. Олар сот шешімін орындауға міндетті», — дейді «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ төрағасы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі.
Мазмұнға өту
