Саясат

ОСК «Respublica» партиясының партиялық тізімін тіркеді

Сурет: Respublica партиясы

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауына «Respublica» партиясының партиялық тізімін тіркеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ОСК отырысына партия өкілдері, ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылары, Бас прокуратура, Қаржы, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Қазіргі уақытта комиссияға жеті саяси партия кандидаттар тізімін ұсынып, құжаттарын тапсырған. Уәкілетті органдар кандидаттардың Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексерген.

ОСК хатшысы Шавхат Өтемісовтің айтуынша, бастапқыда «Respublica» 76 кандидаттан тұратын тізім ұсынған. Кейін Сәния Темірғалиева өз өтінішімен тізімнен шығарылған. Нәтижесінде тіркелген тізімде 75 кандидат қалды. Оның 38-і әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жалпы тізімнің 50,7 пайызын құрайды. Заңдағы квота толық сақталған.

Сондай-ақ ОСК VIII шақырылымдағы Мәжіліс сайлауында «Respublica» 8,59 пайыз дауыс жинағандықтан, партия сайлау жарнасын төлеуден босатылатынын хабарлады.

Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді. Партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады. Одан кейін партиялар сайлауалды үгіт-насихат кезеңіне көшеді.

Көп оқылғандар