Жайық news

Оралда жасанды интеллектке негізделген цифрлық офис ашылды

Сурет: Жайық Пресс

Орал қаласында жасанды интеллект технологияларына негізделген жаңа форматтағы цифрлық офис ашылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Бұл заманауи орталық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың уақытын үнемдеуге және цифрлық сервистерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында цифрлық экономиканы қалыптастыру және озық технологияларды халық игілігіне пайдалану міндеттерін айқындаған болатын. Президент жариялаған цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыс жалғасуда.

Жыл басынан бері облыста шамамен 3 миллион 203 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген, оның 98 пайызы электрондық форматта. Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы көрсеткен 629 мыңнан астам қызметтің шамамен 60 пайызы онлайн-форматта ұсынылған.

Жаңа офис үш негізгі функционалдық аймақты қамтиды. Экспресс-аймақта тұрғындар анықтамалар мен қарапайым қызметтерді өз бетінше және жедел ала алады. Цифрлық аймақта электрондық цифрлық қолтаңбаны рәсімдеу, туу және неке қиюды тіркеу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу қызметтері онлайн-форматта қолжетімді. Сарапшылар аймағында мамандар кәсіби консультациялық көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған арнайы оқу аймағы қарастырылған.

– Цифрландырудың басты критерийі – технологиялардың күрделілігі емес, олардың адам өміріне әкелетін нақты пайдасы. Жасанды интеллект әрбір азаматқа, жасына, тұрғылықты жеріне және цифрлық дағдылар деңгейіне қарамастан, заманауи мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік ашады, – деді Нариман Төреғалиев.

Өңірде цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік басқару жүйесіне озық технологияларды енгізу жұмыстары жалғасатын болады.

Көп оқылғандар