Жайық news

Оралда өңірлік бизнеске арналған пресс-тур өтті

Сурет: Жайық Пресс

Оралда өңірлік кәсіпкерліктің дамуына арналған пресс-тур ұйымдастырылып, журналистерге жергілікті бизнес өкілдерінің тәжірибесі таныстырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара барысында Bilim ortalygy білім беру орталығы мен WowLand балалар интерактивті паркінің жұмысы көрсетілді. Бұл нысандардың бағыттары мен аудиториясы әртүрлі болғанымен, ортақ мақсат — нарықта орнығу ғана емес, одан әрі даму жолын іздеу.

Bilim ortalygy орталығын Айша Жаумбаева құрған. Ол білімі мен алғашқы тәжірибесі бойынша педагогика саласына жақын: Погодаево ауылындағы мектепте он жыл жұмыс істеп, тәрбие жұмысы жөніндегі директор орынбасары қызметін атқарған. Оралға көшкеннен кейін өз ісін ашуға бет бұрған.

Кәсіптің басталуына жеке ана болу тәжірибесі ықпал етті. Екі баласын тәрбиелеу барысында ол жұмысбасты ата-аналарға баланың қосымша біліміне уақыт бөлудің қиындығын түсінген. Алдымен өз балаларымен айналысса, кейін таныстарының, көршілерінің балалары қосылған. Үй жағдайы жеткіліксіз болғандықтан, жеке кабинет жалдауға тура келді.

Пандемия басталар алдында кәсіпкер серіктесімен бірге жабылған оқу орталығының жабдығы мен жиһазын сатып алып, өз форматында жұмысты жалғастырды. Карантин кезінде де сабақ тоқтамай, ұжым қашықтықтан оқытуға көшті.

Қазіргі уақытта орталық екі алаңда жұмыс істейді. Серіктестер бағыттарды бөліскен: бірі негізінен орыс тілді аудиторияға, Айша басқаратын екіншісі көбіне қазақ тілінде оқытуға бағытталған. Екі филиалда барлығы 12 адам жұмыс істейді, Айшаның өз командасында жеті қызметкер бар. Үй-жай жалданатындықтан, орталықты ұстау мен педагогтардың еңбекақысын төлеу шығыны бюджеттің елеулі бөлігі болып қала береді.

Мұнда мемлекеттік тілде білім беруге ерекше көңіл бөлінеді. Айшаның айтуынша, орыс тілді отбасылардан шыққан оқушылар да бар, олар бастапқыда қазақ тілінде қиналып, жүйелі сабақтардың арқасында біртіндеп сенімді сөйлеп, оқып, мәтіндерді мазмұндай бастаған.

– Есть дети, которые дома говорят на русском языке, а учатся в казахских классах. Мы их сопровождаем, помогаем освоить язык. Сейчас некоторые из них уже в четвертом-пятом классах, хорошо разговаривают на казахском, могут пересказывать тексты. Родители довольны результатами, – рассказала основательница центра.

Тағы бір бағыт — ментальді арифметика. Тәрбиеленушілер зияткерлік жарыстарға қатысады. Биыл мамырда педагогикалық ұжым балаларды Астанадағы республикалық жарысқа алып барған. Кәсіпкердің айтуынша, қатысушылар арасында орыс тілді отбасылардан шыққан балалар да болып, жарыста лайықты өнер көрсеткен.

Осылайша, білім беру орталығы бірнеше міндетті шешеді: балаларға мектеп бағдарламасын меңгеруге көмектеседі, қосымша дағдыларды дамытады және ата-аналарға баланың сабақтан кейінгі уақытын пайдалы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Алайда қызметті кеңейту құрылтайшыдан педагогикалық тәжірибемен қатар жаңа басқарушылық білімді де талап етті. Істі одан әрі дамыту үшін Айша Жаумбаева әйел-кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған Shell LiveWIRE бағдарламасының Women Entrepreneurship Booster бағытына қосылған. Оқу бағдарламаға қатысу арқылы жұмыстың әдеттегі моделін қайта қарауға мүмкіндік берді. Кәсіпкердің мойындауынша, оқуға дейін көптеген мәселе туындаған сайын шешіліп отырған: балалармен айналысу, педагогтарды бақылау, шығыстарды қадағалау қатар жүрген.

Көп оқылғандар