Жайық news

Оралда 200-ден астам сарбаз әскери ант қабылдады

Сурет: Жайық Пресс

Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері салтанатты түрде әскери ант қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Аталған іс-шараға Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарынан келген 200-ден астам жас сарбаз қатысып, Отанға адалдыққа ант берді. Олар бір ай бойы бастапқы әскери дайындықтан өтіп, саптық тәсілдерді меңгеріп, әскери жарғыларды оқып, армия өмірімен танысқан.

Салтанатты рәсімге еліміздің түрлі аймақтарынан 500-ге жуық ата-ана мен жақын туыстары келіп, ұлдары үшін мақтаныш сезіміне бөленді.

– Бүгін мен үшін ерекше әрі ұмытылмас күн. Әскери ант – үлкен жауапкершілік. Біз ата-аналардың сенімін ақтап, Отан алдындағы борышымызды адал өтеуге дайынбыз, – деді қатардағы сарбаз Амир Хасан.

Салтанатты шарадан кейін жас сарбаздар кезекті жауынгерлік дайындық кезеңіне кіріседі. Олар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, маңызды мемлекеттік нысандарды күзету және құқықтық тәртіпті сақтау қызметін атқаратын болады.

Көп оқылғандар