Мемлекет басшысы VEON компаниясының бас директорын қабылдады

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VEON компаниялар тобының бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглуды қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын енгізу мақсаттарына сай телекоммуникация нарығын дамыту перспективасы талқыланды. Президент Қазақстанда ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан VEON компаниясының отандық телекоммуникация мен цифрлық экожүйені дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллекттің елдегі цифрлық трансформацияның жаңа кезеңінде экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналғанын атап өтіп, компанияны заманауи есептеу инфрақұрылымын дамытуға, деректерді өңдеу орталықтарын салуға және бұлтты сервистерді кеңейтуге белсенді атсалысуға шақырды.

Мухтерем Каан Терзиоглу компанияның озық телекоммуникация технологияларын енгізу және халықтың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыру жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, VEON алдағы үш жыл ішінде Қазақстандағы бизнес көлемін екі есеге ұлғайтып, ел экономикасына қосымша 1 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ компания «Цифрлық Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға қызығушылық танытып отыр. Beeline Kazakhstan Астана қаласында деректерді өңдеу орталығын салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы компанияның бастамаларын қолдап, Қазақстан инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Ұқсас жазбалар

Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президентін қабылдады

Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдады. Кездесу шетелдік инвесторлар…

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сауда палатасының аға вице-президентін қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Хуш Чоксиді қабылдады. Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастық…

Президент «Психологиялық қызмет туралы» заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Психологиялық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.