Сурет: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Марлен Маматалиевке ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынасты нығайту тұрғысынан айрықша мәнге ие екенін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде Президент Қырғызстан экономикасының жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап, бұл оң үрдісті қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол Қырғыз Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын тарихи оқиға деп бағалап, Президент Садыр Жапаровқа құттықтау хат жолдағанын айтты.
«Елімізге арнайы келгеніңізге қуаныштымыз. Сапарыңыз өте маңызды. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп сенемін. Елдеріміз арасында ешқандай түйткіл немесе түсініспеушілік жоқ. «Қазақ-қырғыз – бір туған» деген сөз бар. Бір кеңістікте бауырлас, тату болып, арамыздағы қарым-қатынасты нығайта береміз», деді Президент.
Марлен Маматалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесу үшін алғыс айтып, Президент Садыр Жапаровтың ыстық ықыласын жеткізді. Ол қырғыз тарапы Қазақстандағы конституциялық өзгерістерді қолдайтынын айтты.
Тараптар парламентаралық байланыстарды дамыту және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ екі елдегі әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде әңгіме өрбіді. Президент пен Жогорку Кенеш Төрағасы Қазақстан мен Қырғызстанның стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасын дамытуға бейіл екенін растады.

