Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдады. Кездесу шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы аясында өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тараптар Қазақстан мен қаржы институты арасындағы ынтымақтастықтың таяу жылдардағы перспективаларын талқылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚДБ басшылығына еліміздің экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Соңғы отыз жылда банк Қазақстандағы 354 жобаға 11 миллиард еуродан астам инвестиция құйған. Осының арқасында еліміз ЕҚДБ-ның аймақтағы ірі серіктестерінің біріне айналды. Қазір даму институты Қазақстанда жалпы құны 3,1 миллиард еуродан асатын 131 жобаны қаржыландырып отыр.
Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі мен ЕҚДБ арасында Серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қойылғанын құптады. Бұл құжат елдің орнықты дамуына үлес қосуды көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір Қазақстан әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті және технологиялық тұрғыдан озық экономика құру мақсатында өршіл реформалар жүргізіп жатыр.
Одиль Рено-Бассо Қазақстандағы инвестициялық ахуал мен экономикадағы құрылымдық өзгерістерді оң бағалады. Ол банктің инфрақұрылым, көлік байланысы, ирригация және энергетика секторларын дамытуға атсалысуға әзір екенін растады.
ЕҚДБ жеке секторға, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қаржыландыруға ниетті. Қаржы ұйымының инвестициялық қызметіндегі басым бағыттың бірі – аса маңызды шикізат материалдары.
Әңгімелесу барысында цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға баса мән берілді. ЕҚДБ Қазақстан экономикасының цифрлық трансформациясына үлес қосу арқылы инновациялық экожүйелердің қалыптасуына қолдау білдіруге дайын.

