Қоғам

Мақатта «100 әже – 100 бесік жыры» шарасы өтті

Сурет: gov.kz

Отбасы күніне орай Мақат ауданының орталық стадионында «100 әже – 100 бесік жыры» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Аудан әкімінің орынбасары Әсел Қаржауова жиналғандарды Отбасы күнімен құттықтап, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді сақтау баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.

«Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты — бесік жырының тәрбиелік мәнін насихаттап, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпаққа жеткізу. Жүз әженің бір мезетте бесік жырын орындауы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы отбасындағы әже тәрбиесінің рөлін арттырып, салт-дәстүрімізді дәріптеуді көздейміз», деді Әсел Қаржауова.

Шара барысында халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен тәлім-тәрбиесін дәріптейтін көрініс ұсынылды. Ақ жаулықты әжелер немерелерін бесікке бөлеп, бір мезетте бесік жырын орындады.

Іс-шараға қатысқан әжелер ұлттық құндылықтарды насихаттап, отбасы бірлігі мен әже тәрбиесінің жас ұрпақ өміріндегі маңызын көрсеткендерін жеткізді.

Көп оқылғандар