Сурет: Қорғаныс министрлігі
Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу барысында 14 әскери қызметші қаза тапты. Қорғаныс министрлігі қайғылы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасап, қаза тапқандардың есімдерін жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде марқұмдардың фотосуреттері таралып, туыстарына көңіл айту сөздері жазылуда.
Қаза тапқандардың қатарында Маңғыстау облысының тумалары Мадихан Азамат Болатбекұлы (Жаңаөзен қаласы), Төлеген Ақылбек Қабенұлы (Жармыш ауылы), Бердіханов Мейрамбек Ермұханұлы (Жаңаөзен қаласы), Аяпберген Сержан Талғатұлы (Ақтау қаласы, Өмірзақ ауылы), Жанабай Асет Саматұлы (Шетпе ауылы), Бегей Дастан Нұрболұлы (Жаңаөзен қаласы), Диханбаев Олжас Тәжібайұлы (Жаңаөзен қаласы), Тұрдыбекұлы Мирас (Мұнайшы ауылы) бар.
Сондай-ақ Түркістан облысының тумасы Мұхтарұлы Олжас (Алматы қаласы, Алатау ауданы), Батыс Қазақстан облысының тумалары Темірғалиев Жеңіс Тілеушеевич, Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлы, Ғилаж Ақжайық Болатбетұлы (Орал қаласы) және Ақжайық ауданының тумасы Ғұмаров Мансұр Айтбайұлы қаза болды. Сондай-ақ Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақстан тумасы, Мұнайлы ауданында тұрған Көбенов Алмас Жүсіпұлы да марқұмдар қатарында.
«Қайғымен хабарлаймыз, қаза тапқан әскери қызметшілердің арасында біздің әріптесіміз, «Өзенмұнайсервис» ЖШС қызметкері Болатбек Шалабаевтың ұлы — Мадихан Азамат Болатбекұлы да болды. «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының атынан қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қолдау мен көмек көрсетіледі», делінген компания хабарламасында.
Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі Төлеген Ақылбектің қазасына байланысты көңіл айтты. «Жас Батыр» спорт мектебі Аяпберген Сержанның отбасына қайғыларына ортақтасатынын білдірді. «Қайнар» колледжі Көбенов Алмастың мезгілсіз қазасына қатысты көңіл айту сөздерін жариялады. Орал политехникалық колледжі Өмірзақ Өмірбек пен Ғилаж Ақжайықтың туыстарына көңіл айтты.
