Сурет: instagram.com/_m_a_d_l_e_n
Қазақстандық блогер Мадлен (Мәдина Мамадалиева) Италияда қымбат брендтердің киімдері, аяқ киімдері мен сөмкелері салынған чемоданынан айырылды. Ұрланған заттардың жалпы құны шамамен 70 мың долларды құрайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 6 қыркүйекте Венеция кинофестиваліне бара жатқан кезде болған. Блогердің айтуынша, ұрлық бизнес-класс вагонында орын алған. Ол телефонына алаңдап отырған сәтте ұрылар орнынан жоғары тұрған багажын білдіртпей алып кеткен.
Чемоданда қымбат бұйымдармен қатар, қолтырауын терісінен жасалған заттар да болған.
Мадлен әлеуметтік желідегі парақшасында болған жағдайға қатысты эмоциясын бөлісті. Оның айтуынша, Еуропаға барған сайын қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға тырысады. Алайда бизнес-класта, дәл басының үстіндегі багаждың ұрлануы оған күтпеген жағдай болған.
Блогер материалдық шығыннан гөрі, чемодандағы ерекше естелік сыйлықтар мен тарихы бар заттардың жоғалғанына қатты қынжылғанын айтты.
«Оларды қайтадан сатып ала алмайсың. Ең ауыры да – осы. Бөтен елде жалғыз қалып, бір сәтте заттарың мен естеліктеріңнің бір бөлігін ұрлап кеткенін түсіну қандай сезім екенін ешкімнің бастан өткеруін қаламаймын», деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Леңгірде түнгі уақытта бейтаныс адамның телефонын ұрлаған күдіктілер ұсталғанын хабарлаған едік.
