Ғабит Мүсіреп: Мемлекеттік қолдау медиа саласына жаңа серпін береді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында журналистиканы дамытуға үлес қосқан медиа өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Солардың қатарында «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп те бар, ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Журналист бұл марапатты отандық медиаға көрсетілген жоғары құрмет деп бағалайды. Оның айтуынша, ақпарат көп заманда қоғамға сапалы, сараптамалық және сенімді контент ұсынатын кәсіби журналистиканың маңызы арта түскен.

Ғабит Мүсіреп Президент реформалары аясында медиа саласында маңызды өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Ол журналистер еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы кәсіби ортаға серпін беріп, БАҚ-тың қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтудағы жауапкершілігін арттыратынын айтты.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары медиа саласын жаңғыртуға, журналистердің мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы реформалардың саланың дамуына нақты әсерін қалай бағалайсыз?
– Иә. Мемлекет басшысы медиа саласын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Еліміздің жан-жақты дамуына, сөз еркіндігінің өрістеуіне ықпал ететін, журналистердің құқын қорғайтын «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, ел Президентінің тапсырмасымен журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты көңілген қуаныш ұялататын шешімдер қабылданды. Соның айқын дәлелі Астана қаласында соңғы үш жыл бойы журналистерді баспанамен қамту дәстүрі жалғасып келеді. Бұл жоба аталған саланың дамуына, отандық журналистиканың сапасына айрықша әсер ететіні анық.

Мемлекет басшысы журналистерді баспанамен қамтамасыз ету бастамасын өңірлерге дейін кеңейтті. Ғабит Мүсіреп бұл шешімді өте дұрыс деп санайды. Ол өңірлердегі журналистердің де еңбегі лайықты бағалануы керек екенін айтады. Баспанамен қамту жергілікті кадрлардың тұрақты жұмыс істеуіне септігін тигізіп, журналистика сапасына әсер етеді.

Сөз еркіндігі мен жауапты журналистиканы қатар дамыту туралы сұраққа Мүсіреп кейбір әріптестер сөз еркіндігін өзінше түсінетінін айтты. Ол объективті көзқарасты саралап айтуға уақыт керек екенін, ұлттық журналистиканың өрісін кеңейту қажеттігін атап өтті.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты журналистерге қоғамдағы проблемаларды көтеріп, биліктің назарын аударуға мүмкіндік береді. Бұл өзгерістер журналистердің ізденісіне серпін беріп, халық пен билік арасындағы диалогті өрістетеді.

Дәстүрлі медианың цифрлық трансформациясы туралы Мүсіреп Президенттің «Дәстүрлі медианың дәурені өтті деген пікірмен келіспеймін» деген сөзін еске алды. Газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, сараптама ұсына алуында.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда шілдеде ауа температурасы 44 градусқа дейін көтерілуі мүмкін

Синоптиктер 2026 жылғы шілдеге арналған алдын ала ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың мәліметінше, елдің көптеген…

«Egemen Qazaqstan» тілшісі Байқал Байәділ Президент сыйлығын алды

«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Байқал Байәділ Президент сыйлығының иегері атанды. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ…

Қасым-Жомарт Тоқаев Таиланд Сыртқы істер министрімен кездесті

Мемлекет басшысы Таиланд Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеомен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz.